21 Тамыз 2021
Жаңалықтар

«Мектепке жол» акциясы жалғасын табуда

 

Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы Тасқала ауданында да жүргізілуде. Акция еліміздің барлық өңірлерінде ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында өтеді.

Акцияның мақсаты: жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету; баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу; жетім балаларға, ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету болып табылады.

Тамыз айының 1-і мен 20-ы аралығында ауданымыздың бірнеше жеке кәсіпкерлерінің демеушілігімен көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсетілді. Атап айтсақ, Мусенов Нариман Дүйсекешұлы Ы.Алтынсарин ОМ оқушыларына, Ахманкеев Амангелді Сәлімгерейұлы Мерей ОМ оқушыларына, Сапаргалиев Марлен Мұратқалиұлы Бірлік НМ оқушыларына және Қ.Сәтбаев атындағы ОМ, «Сәулет» МЛ, Ы.Алтынсарин ОМ, Достық МББК, Ақтау МББК, Оян МББК, Амангелді МББК, С.Жақсығұлов ОМ бюджетінен аталған отбасы балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп формасы, спорттық киімдер таратылды. Атамекен МББК 1991 жылғы түлектері 300,0 мың тг көлемінде мектеп оқушыларына оқу құралы мен киім-кешекпен көмек көрсетті. Бұл атқарылып жатырған игі іске аудандық білім бөлімінің ұжымы да өз үлесін қосты. Қ.Сәтбаев ОМ көп балалы отбасының оқушысына мектеп формасын алып берді. «Мектепке жол» акциясы басталғаннан бері аудан бойынша 157 оқушыға 1254,0 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Аталған мектептердің әкімшілігі және білім бөлімінің ұжымы демеушілерге көрсеткен көмектері үшін шексіз алғыс білдіреді.

Бүгінде білім бөлімі көмекке мұқтаж ба­ла­­лардың тізімін дайындады. Бұл – 241 баланы құрайды, бірақ тізім ата-аналар­дан өті­ніштерді қабылдау арқы­лы толықтырылады. «Мек­тепке жол» акциясы 30 қыркүйек­ке дейін жалғасады жә­не оған белсенді қатысуға мүм­кін­дік бар. Жер­гілікті атқарушы органдарын, аудан тұрғындарын аз қамтылған отба­сылардан шыққан балалар­дың мектепке дайындығын қам­тамасыз ету бойынша шараларға шақырамыз. Мұқтаж жандарға көмек­тесуді, сондай-ақ демеу­шілік көмек көрсетуді қалайтын кез кел­ген адамдар аудандық білім бөлімінің 21-4-17 телефонына хабарласуына болады.

 

Тасқала аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қадырбайқызы

Пайдалы ақпараттық ресурстар